Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңы
1-тарау.
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап.
Осы Заңда қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру Осы Заңда қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:
1) жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам – мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымды не “А” корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;
2) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы уәкiлеттiк бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін уақытша орындайтын адам;
4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам – жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидаттар ретiнде тiркелген азамат; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан жүргізілетін қызметшi; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері;
5) мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда осы аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін;
6) сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шаралар;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер – осы Заңда белгіленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулер;
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган – өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласын үйлестіру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы орталық атқарушы орган; оның ведомствосы, аумақтық бөлімшелері;
11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік);
12) сыбайлас жемқорлық тәуекелі – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі;
13) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің алдын алу шаралары жүйесін әзірлеу және енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу, анықтау, шектеу және жою жөніндегі қызметі.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Байланыстар
ШЖҚ "№1 Қалалық емхана" МКК"Мекен-жайы:
Email:
РК, г.Шымкент, пр. Тауке хана, д.35
1emhana@shymzdrav.kz